Жаңалықтар

Сайлау — 2019

Әміржан Қосанов штабы

Семей қаласында Қазақстан Республикасы Президенттігіне үміткер Әміржан Қосановтың облыстық сайлауалды штабында сайлау күні учаскелерде дауыс беру процесін қадағалайтын бақылаушылар үшін семинар өткізілді.

Іс-шараның модераторы және тренері — саясаттанушы Дос Көшім. Ол бақылаушылардың құқықтары мен міндеттері, сайлау кезінде орын алуы ықтимал түрлі жағдайлардағы әрекеттері жайлы түсіндірді. Сонымен қатар, ол Семей қаласының жергілікті тұрғындарымен кездесті.

Сондай-ақ Әміржан Қосановтың сайлауалды штабы Қарағанды облысының орталығында және аудандарында да сайлау бақылаушыларына арнап семинар-тренинг өткізді. Қатысушылар қызығушылық танытқан тақырыптарын көтеріп, барлық өзекті сұрақтарына жауап алды.

Әміржан Қосанов 4 маусым күні Батыс Қазақстан облысында орналасқан «Орал ауылшаруашылық тәжірибелік станциясы» ЖШС жұмысшыларымен де кездесті.

Кандидат өзінің сайлауалды бағдарламасымен таныстырды және «Ұлттық құндылықтарды дамыту және ұлттық дәстүрлерді қолдау» тақырыбы бойынша лекция оқыды. Аталған іс-шараға 30 адам қатысты. Кездесу модераторлығын облыстық сайлауалды штабтың жетекшісі Мұхтар Утесов атқарды.

Сәдібек Түгел штабы

Қазақстан Республикасы Президенттігіне үміткер Сәдібек Түгел Атырауда сайлаушылармен кездесті. Жайық жағасында орналасқан мұнайлы қаладағы кездесуде Сәдібек Түгел ұлттық құндылықтар жөнінде әңгімелеп, сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Үміткер тұғырнамасында көрсетілген басты міндеттерге ерекше тоқталды. Сондай-ақ, жиында ҚР Президенттігіне кандидат Сәдібек Түгелдің сенімді өкілдері Ынтымақ Құлтасов, Клим Губашев, Асан Қарамоншақовтар сөз алып, кандидат бағдарламасындағы ел болашағын айқындауға қажетті басым бағыттар жайында айтып берді. Сонымен қатар, кездесу аясында «Ұлттық құндылықтарды ұлықтаймыз» атты қолөнершілер көрмесі ұйымдастырылды. Жиналғандар алдында домбыра бойынша Тұрлан Бисембаев, суретшілер Лаура Тілекбай, Мұрат Ерғалиевтар шеберлік сабағын өткізді.

Сәдібек Түгел Ақмола облысы Целиноград ауданы Қабанбай батыр ауылына да барды. Ауылдағы № 41 мектепте ауыл тұрғындарымен кездесті. Ол жиналған көпшілікке сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырып, ұлттық құндылықтар жөнінде сөз қозғады. Ол бағдарламасында көрсетілген жас отбасылардың әлеуметтік жағдайын көтеру, ауылды көркейту, жұмыссыздықты жоюға қатысты міндеттерге тоқталды. Жиында сонымен қатар, кандидаттың сенімді өкілдері Базаргүл Үмбетова, Бақыт Мұхамедрахимова, Күләш Молдахметовалар сөз сөйледі. Бұдан кейін ауыл тұрғындары көкейдегі сұрақтарын қойды. Кездесуден соң ҚР Президенттігіне кандидат Сәдібек Түгел және оның сенімді өкілдері Қабанбай батыр кесенесіне зиярат етті.

Сәдібек Түгелдің Түркістан қаласындағы сайлауалды штабы «Киелі жерлерге тағзым» атты автошеру ұйымдастырды. Кандидаттың сенімді өкілдері, Азия чемпионы Исабек Бекзат және Азиз Анетов сайлауалды тұғырнамадағы ұлттық құндылықтарды ұлықтау мақсатында Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде болып, көпшілікті бағдарламаның негізгі бағыттарымен таныстырды. Сонымен қатар, таэквондодан спорт шебері Дәулет Манапов Сәдібек Түгелдің ұлттық спортты дамытуға қосқан үлесі туралы әңгімеледі. Үгіт тобы бұдан кейін Арыстанбаб кесенесіне барды. Ел ақсақалдары ақ батасын беріп, пезиденттікке үміткер Сәдібек Түгелге сәттілік тіледі. Іс-шара киелі жерлерге автошерумен жалғасты.

Жамбыл Ахметбеков штабы

Қарағанды облыстық сайлауалды штаб Қарағанды қаласында ҚР Президенттігіне үміткер Жамбыл Ахметбековті қолдау мақсатында «Адал еңбек қоғам мүддесі үшін» деген ұранмен флешмоб өткізді.

Іс-шара барысында аспанға Қазақстан коммунистік халық партиясының ұраны жазылған шар ұшырылып, үгіт парақтары таратылды. ҚКХП Қарағанды облыстық сайлауалды штабының жетекшісі А.Зевахин коммунистік идеология сынға көп ұшырайтынын, алайда қазіргі коммунистер бұрынғы ізашарларының қателігін қайталамай, заман талабына сай әрекет етіп жатқанын баяндады. Ол саяси құрылым тұрмысы төмен адамдардың жағдайын жақсарту жолында қызмет етіп, еңбек адамының құқығын қорғайтынын айтты. А.Зевахин партияның сайлауалды тұғырнамасы кедейлікпен күреске, сонымен қатар батыстың жалған құндылықтарынан бас тартуға үндейтінін жеткізді.

Жамбыл Ахметбековті қолдау үшін көкшетаулық белсенділер де флешмоб ұйымдастырды. Іс-шараға партия комитетінің белсенділері мен әншілер қатысты. Үміткер Жамбыл Ахметбековті қолдау мақсатында ұйымдастырылған шара шеңберінде әртістер үміткердің баннерінің жанында кеңес кезінде танымал болған әндерді орындады. Басқосу барысында облыстық сайлауалды штабтың жетекшісі, ҚКХП Ақмола облыстық комитетінің бірінші хатшысы Б.Мажитов сөз сөйлеп, жиналғандарға үміткердің сайлауалды тұғырнамасын таныстырды. Сөз арасында ол ҚКХП кедейшілікпен күрес және отандық тауарға деген сұранысты арттыру сынды бастамаларды алға жылжыта беретінін жеткізді.

Алматы облысы Ескелді ауданы Текелі қаласында Алматы облыстық сайлауалды штабының жетекшісі Сәуле Биғарова №5 мектеп-лицейінің педагогикалық ұжымымен кездесті. Басқосу барысында Сәуле Биғарова ұстаздар қауымына Қазақстан Коммунистік Халық партиясының қызметі мен кандидат Жамбыл Ахметбековтің сайлауалды тұғырнамасын таныстырды. Облыстық сайлауалды штаб жетекшісі ұрпақ тәрбиесі үшін ұстаздар қауымына алғыс білдіріп, олардың барлығын 9 маусымдағы кезектен тыс сайлауға бір кісідей қатысып, дауыс беруге шақырды. Жиын барысында Сәуле Биғарова ұстаздар қауымымен білім саласының өзекті мәселелерін талқылап, пікір алмасты. Негізгі әңгіме мұғалім мәртебесі төңірегінде өрбіді.

Ж.Ахметбеков 4 маусым күні Өскеменде Экономика және қаржы колледжінің оқытушы-профессор құрамымен және студенттерімен де кездесті. Ол Қазақстан Коммунистік Халық партиясы ҚР Парламенті Мәжілісінен орын алып отырған саяси ұйым екенін және мемлекеттік деңгейде халық мүддесін қорғайтынын айтты. Бұдан кейін спикер сайлауалды тұғырнаманың басым бағыттарын таныстырып, тұғырнама коммунистік идеология ұстанымдарынан бастау алатынын тілге тиек етті.

Ж.Ахметбеков ҚКХП АӨК өнімдеріне тұтынушылық сұранысты ынталандыру бағдарламасымен бірге кедейлікпен күрес бағдарламасын қабылдауды, оны іске асыруды және отандық тауарға деген сұранысты арттыруды бірнеше рет ұсынғанын және оның жүзеге асырылуы үшін жұмыс істейтінін ерекше атап өтті.

Кездесу соңында спикер сайлаушыларды 9 маусым күні өтетін кезектен тыс Президент сайлауында белсенді болуға және лайықты үміткерге дауыс беруге шақырды.

Төлеутай Рақымбеков штабы

«Ауыл» партиясы атынан Президенттікке кандидат Төлеутай Рақымбеков Маңғыстау жұртшылығына сайлауалды бағдарламасын таныстырды.

Президенттікке үміткер жергілікті тұрғындармен кездесу барысында аймаққа тән мәселелерді көтеріп, оны шешу жолдарын ұсынды. Ол Маңғыстау өңіріне күнделікті тұтынатын азық-түліктің басым бөлігі басқа аймақтардан әкелінетінін сөз етіп, бұл мәселені шешу үшін ауыл-аймақта жылыжайды көбейту керектігін алға тартты. Бұған қоса, шұбат өндірісін жолға қойып, табыс көлемін еселеп арттыруға болатынын айтты. Өйткені осы тектес бастамаларға қазір мемлекеттен жақсы қолдау бар. Жиында сонымен қатар жұмыссыздық, ауыл шаруашылығын жандыру, баспанамен қамту, инфрақұрылымды дамыту және жастар саясаты секілді проблемалар көтеріліп, кеңінен талқыланды.

Ал Алматы облысына сапары барысында Төлеутай Рақымбеков жергілікті мамандармен білім, ғылым және өндіріс, ауылшаруашылығы туралы талқылады. Бұған қоса ол жуырда ашылған агропарк пен  салаға қызмет ететін авиация өкілдерімен де кездесті.  Ол Қарасай ауылының Көлді ауылында 2008 жылы еліміздегі ең алғаш болып ашылған ауыл шаруашылығы бойынша білім тарату орталығы туралы сөз қозғады. 2008 жылдан бері аталған орталықта жерлігікті шаруалар салаға қатысты бастамалармен осында танысады. Кейін іске асырып, өнімін еселегендер де бар. Кейде, керісінше, шаруалар өз мәселесін айтып, мамандар оның шешімін іздеп жатады. Төлеутай Рақымбеков енді осындай мекемелерді еліміздің барлық аудан орталығында ашу керектігін айтады. Жиында былтыр ашылған «Оңтүстік» агропаркі туралы да айтылды. Мұны алдыңғы білім тарату орталығының тәжірибе алаңы десе де болады. Арнайы аумаққа отандық мамандар ойлап тапқан ондаған тұқым егіліп, нәтижесі шаруаларға таныстырылып жатыр. Президентікке үміткер Төлеутай Рақымбеков осындай кешенді шаралар арқылы ғана саланың дамуына тың серпін беріп, әлемдегі аграрлы елдермен бәсекелес бола аламыз деген пікірін білдірді.

Бұған қоса, үміткер арнайы ұшаққа отырып, авиацияның саладағы маңызы туралы да айтты. Мыңдаған гектар аумақты бақылауда ұстап, қажетті шаралар қолдану үшін осындай тенхика, ал шағын егіс алқаптарына дронды пайдалану қажеттігін тілге тиек етті.

Аманкелді Таспихов штабы

 Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Аманкелді Сатыбалдыұлы Таспихов өзінің сенімді өкілдерімен Ақтау қаласында сайлауалды іссапармен болды. Олардың қатарында Республикалық қоғамдық штабтың тең-жетекшісі, Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары С.Дәулеталин, «YNTYMAQ» орта және шағын бизнес қызметкерлері салалық кәсіподағының төрағасы Қ.Жанабеков, сондай-ақ республикалық сайлауалды штабының мүшелері бар. Іссапардың мақсаты аймақтық сайлауалды штаб мүшелерімен, сенімді тұлғалармен және батыс өңірінің сайлаушыларымен кездесу болды.​

Кездесу барысында, А.Таспихов қатысушыларды өзінің сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарымен таныстырып, алдағы сайлауға қатыса отырып, Республикадағы ең ірі қоғамдық бірлестіктердің бірінің алға қоятын мақсаттары мен міндеттері туралы айтып өтті.

​Н.Жантөрин атындағы драма театрындағы кездесуден кейін, ҚР Президенттігіне үміткер А.Таспиховтың Республикалық штабының сенімді өкілдері үміткердің аймақтық қоғамдық штабына келіп, атқарылған жұмыстарымен танысты. «Кәсіподақтар үйінің» конференц залында Республикалық қоғамдық штабтың тең-жетекшісі, Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары С.Дәулеталин облыстың салалық кәсіподақ төрағаларымен және «Келешек» жастар кеңесінің белсеңді жастарымен сайлауалды атқарылған және атқарылатын жұмыстарды талқылады.

Үміткердің сенімді өкілдері мұндай шараларды Нұр-Сұлтан қаласында және Алматы облыстарында да өткізді. Талдықорғанда еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізілсе, елордада жастар арнайы флешмоб өткізді.

Дания Еспаева штабы

Қызылорда қаласындағы Студенттер сарайында ҚР Президенттігіне үміткер Дания Еспаеваның республикалық штабы мен «Ақ жол» партиясының Қызылорда облыстық филиалы жиын өткізді.

«Қазақстан халқының рухани-мәдени саласын дамыту» тақырыбындағы дөңгелек үстелге «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары, ақын Қазыбек Иса мен партия төрағасының орынбасары Д.Васильев қатысып, сөз сөйледі. Ашық пікір алаңы ретінде өткен жиынға ҚР Президенттігіне үміткер Д.Еспаеваның аймақтық штабы мүшелері, БАҚ өкілдері қатысты. Басқосуда Қызылорда облысының «Рухани жаңғыру» орталығы жетекшісі, Қорқыт ата атындағы ҚМУ тарихшылары мен оқытушылары баяндама жасап, ой-пікірлерін білдірді. Дөңгелек үстелде «Ақ жол» партиясының «Руxани жаңғыру» бағдарламасы аясында  атқарған істері, ұлттық мүдденің қорғалуы, мемлекеттік тілдің дамуы, мәдениеттің мәйекті мәселелері қозғалды. Білім саласындағы қордаланған мәселелер де өткір айтылды. Жиынға Қазақстандағы президент сайлауын xалықаралық бақылаушылар тобы да қатысты.

Дания Еспаеваның сенімді өкілдері Азат Перуашев, Болат Өтепбаев, Асан Қошмәмбетов және облыстық партия ұйымының белсенділері Жамбыл облысында да бірқатар кездесу өткізді. Алғашқы кездесу Байзақ ауданының орталығы Сарыкемер ауылындағы Мәдениет үйінде сайлаушылардың белсенді қатысуымен өтті. Сенімді өкілдерге әлеуметтік, зейнетақы, көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы және халықты жұмыспен қамту салалары бойынша көптеген сұрақтар қойылды. Кездесу барысында жиналған көпшілік Дания Еспаеваның өмірі мен қызметіне қызығушылық танытты. Бұдан кейін респуликалық штаб өкілдері Қостөбе ауылында шағын бизнес өкілдері және шаруа қожалық өкілдерімен кездесті. Кездесу Қостөбе ауылдық округінде өтті. Сенімді өкілдерге мемлекет тарапынан ауыл шарушылығымен айналысатын кәсіпкерлерге берілетін субсидия мен несие бойынша көптеген сұрақтар қойылды. Келесі кездесу Тараз қаласындағы «Қошмембетов және К» ЖШС мекемесінің мәжіліс залында өтті. Оған Тараз қаласының ірі, орта және шағын кәсіпкерлері қатысты. Азат Перуашев Парламент Мәжілісінде «Ақ жол» фракциясы депутаттарының атқарған жұмыстарына қысқаша шолу жасап, Президенттікке үміткер Дания Еспаеваның сайлауалды бағдарламасын түсіндіріп берді.

 Ақпараттар www.inform.kz сайтында және басқа да ақпарат көздерінде жарияланған материалдар бойынша әзірленді.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button